Акция қала күні аясында өтті
Алматыда Қала күні қарсаңындағы тазалық апталығы аясында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қала күні қарсаңында 9 қыркүйекте тазалық апталығы басталды. Жалпы республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындарда, көшедегі қоқыс жәшіктері мен арық жүйесінде ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Мақсат – мегаполисті таза, жайлы әрі тартымды ету.
Небәрі бес күн ішінде арнайы техниканың күшімен көше-жол желісінен 1000 текше метрден астам қоқыс шығарылды, оның ішінде арық желісінен 365,2 текше метр қоқыс жиналды.
Санитарлық тазалық жалпы ауданы 25,1 млн шаршы метр және ұзындығы 2 777 шақырым 2 318 көшені қамтиды. Көше-жол желісін тазалау жұмыстары 12 мердігер ұйымның күшімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде қалада 1000-нан астам арнайы техника мен 1300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Күндізгі уақытта көшелерді тазалауға күн сайын 700 техника және шамамен 1000 жұмысшы шығады. Түнгі ауысымда шамамен 220 техника және 250 жұмысшы жұмыс істейді.
Ұзындығы 1525 шақырым қаланың арық желісін тазартуға ерекше назар аударылады. Күн сайын арық желісінен шамамен 160 текше лай мен қоқыс шығарылады. Шығарылатын қалдықтардың басым бөлігі пластик. Еріген және нөсер суының кедергісіз ағып кетуі үшін арық желілерін тазалауға күн сайын 80 техника мен 320 жұмысшы шығады.
Қала бойынша тәулігіне орта есеппен 520 текше метр қоқыс пен қалдық шығарылады, оның ішінде 100 текше метрге жуығы пластик. Магистральдық көшелер күніне екі рет, ал аудандық маңызы бар көшелерді күнделікті тазартылады. Автобус аялдамалары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар жуылып жатыр. Сондай-ақ, жол бойы мен қоғамдық орындарда жерге түскен жапырақтар жиналып, шығарылады. Дегенмен, қаладағы тазалықты сақтау шараларына қарамастан ластануға байланысты мәселелерге тап боламыз. Арықтар әлі де тұрғындар тастайтын кездейсоқ қоқыстармен бітеліп, қатты жауын-шашын кезінде су басуға әкеледі. Тазалықты сақтау – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын қоқыс тастамауға, әсіресе арықтарға қоқыс лақтырмауға және тазалықты сақтауға шақырамыз, – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске сала кетсек, биыл Алматыда Қала күні балалар мен ересектерге қызықты 150-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралармен атап өтіледі.