Көшпенділер ойынының Аламан бәйгесінде «Айқабақ» озды
Аламан бәйге 25 шақырымға созылды
5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Аламан бәйгесі мәресіне жетті. Қашықтығы 25 шақырымдық ат жарысының басты додасында Алматы облысы Балқаш ауданынан келген «Айқабақ» есімді тұлпар бірінші келді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Айқабақ» тұлпарды тақымдаған шабандоз баланың есімі – Аңсар Арыстанбек. Ат иесі – Сапарғали Сәтпаев, бапкері – Жамбыл Бөбекбай.
Екінші орында «Айқабақтың» ізін ала келген жүйрік – «Жұмыртұяқ», шабандозы – Хамза Аманкелді, бапкері – Марат Ақберлинов, ат иесі – Марлан Бектенов (Қазақстан);
Үшінші келген қырғызстандық «Қара қыз», шабандозы – Нурэл Элесов, бапкері – Нурбек Керимбеков, ат иесі – Изат Сырғақ уулу (Қырғызстан).
Аламан бәйгеге 27 шабандоз қатысты. Соңғы айналымда 7 ат қана қалып, нәтижесінде Қазақстан қоржынына бір алтын, бір күміс түсті.
Оның алдында 9 шақырымдық жорға бәйгеде қазақстандық Қымбат Тілеуғалиұлының «Ақжауын» атты сәйгүлігі екінші келген еді.
Топ бәйгеден жарыс жолына шыққан 20-ға жуық жүйріктен мәре сызығын екі-ақ жүйрік кесті. Қазақстанның үш сәйгүлігі жүлделі орындарға ие болды.
1-орын: Холибой, шабандозы – Бақтыбай Сержан, бапкері – Медет Ералымов, ат иесі – Еділ Бұралқиев (Қазақстан).
«Құнан бәйгеде» Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерінен 15-тей құнан бақ сынап, 11 шақырымға созылған дүбірлі додада мына құнандар жеңімпаз болды:
1-орын: «Қамысқұлақ», шабандозы – Әмір Серік, ат иесі – Біржан Шаймерденов, бапкері – Қуаныш Шақанбаев (Қазақстан);
2-орын: «Айшуақ», шабандозы – Аңсар Арыстанбек, ат иесі – Алтынбай Қасым, бапкері – Жамбыл Бөбекбай (Қазақстан);
3-орын: «Бақторы», шабандозы – Ділнұр Нұрмұқаш, ат иесі – Айбек Бейісбаев, бапкері – Әділет Ноқатай (Қазақстан).
Ұшқыр бәйгеден 3200 метрлік жарыс жолына шыққан дөненнен жоғары жастағы (4 жасар және одан жоғары) аттардың арасында жүйріктер анықталды. Барлығы 7 сәйгүлік арасында алғашқы үштікті тағы да Қазақстан жүйріктері ұтты. Мәре сызығын бірінші болып «Лайф’с Э Бриз» кессе, екінші орынды «Уэст Кост Найт» иеленсе, үздік үштікті «Аляска Тайгер» түйіндеді.
Ұшқыр бәйгеден 2400 метрлік аралықта шапқан 5 дөненнің (3 жасқа дейінгі) арасында желтұяғы анықталды. Қашықтығы 2400 метрге шапқан сәйгүліктер арасында да алғашқы үштікті Қазақстан жүйріктері иеленді. Мәре сызығын алғашқы болып «Берил Рэйсер» келсе, екінші орынды «Адай» иеленді. Үздік үштікке «Роузлайн» кірді.
«Ұшқыр бәйгеден» 1600 метрлік тызетпеде мәре сызығын әйгілі Кабирханның иесі Тілек Мұханбетқалиевтің «Шағала» атты жүйрігі бірінші болып кесті. Екінші орында Қазақстанның тағы бір жүйрігі «Арлан» иеленсе, үшінші орынды қазақстандық «Струна» есімді ат олжалады.