Қазақ жазушылары туған ауылдар жабылып жатыр – сенатор

Дәурен Ерболат

Солтүстікте халықтың саны азаюда

Фото: Halyq Uni

Бүгінде қазақ жазушылары туған ауылдар жабылып жатыр. Бұл туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол депуаттық сауалын Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдады.

Сенат өткен сессияда «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында Үкімет сағатын өткізген. Сенат Үкімет пен тиісті министрліктерге бірқатар ұсыным жолдады. Осыған байланысты Үкімет берген жауапта көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйінде қалып отыр. Мысалы, елімізде демографиялық саясат саласында уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттің нақты ұстанымы анықталмаған. Салдарынан бүгінде тек статистикамен шектеліп отырмыз, - деді cенатор.

Нұртөре Жүсіптің айтуынша, сенаторлар Үкіметке демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеуді айтқан. Бұған ұлттық экономика министрлігі «Мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес» деп жауабын қысқа қайырыпты.

Сенаттың демография саясатына қатысты көтерген өзекті мәселелердің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен құтылса, сонда Үкімет сағатын не үшін өткіздік? Үкімет берген жауап біздің көңілімізді көншітпейді. Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі мәселелеріне жүйелі және шұғыл шешімдер қажет. Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкелетініг ескеру қажет, - деді сенатор.

Ол соңғы жылдары солтүстік өңірлерде адамдардың саны азайып жатқанын жеткізді.

«Ұлттық статистикасы бюросының дерегіне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеде теріс болды – минус 3396 адам. Сондай-ақ СҚО бойынша табиғи өсім мың адамға шаққанда теріс сальдоға тең – минус 1,94 адам. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адамдардың саны жыл сайын азайып жатыр», - деді Нұртөре Жүсіп.

Ол бүгінде қазақ жазушылары туған ауылдар жабылып жатқанын мысалға келтіріп, елімізде демография мәселесі өзекті екенін атап өтті.

Құрметті Олжас Абайұлы, өңірлерге жұмыс сапары барысында халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты сұрақтар тағы алдымыздан шықты. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңа жол ауылының да тағдыры қыл үстінде тұр.

Осыған байланысты Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын дереу қолға алуды, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұралымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап нақты шешімдер қабылдануы керек», - деп сөзін түйіндеді депутат.