Биыл ҰҚК 15 қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты

Динара Амантай

60 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Фото: Halyq Uni

Биылғы тамызда Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аймақтағы қылмыстық топ жетекшілерінің біріне үкім шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

ҰҚК мәліметінше, сотталушы кісі өлтіруге әрекеттенді деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Көрсетілген қылмыстық іс бойынша тағы бір қылмыскер сот шешімін күтіп отыр.

Жыл басынан бері ведомство өкілдері полициямен бірлесіп және Бас прокуратураның үйлестіруімен республиканың бірқатар өңірінде 15 қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты. 60 адам, оның ішінде деструктивті діни ағымдардың өкілдері, жергілікті және шетелдік қылмыскерлер, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар кісі өлтіруге әрекеттеніп, қылмыстық топты басқарды және оған қатысты, қарақшылық жасады, бопсалады, есірткіні заңсыз сақтады, қару-жарақпен айналысып, адам ұрлады, сондай-ақ заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен айыпталып отыр, – делінген ҰҚК хабарламасында.

Сондай-ақ, 20-дан астам атыс қаруы тәркіленген. Қылмыстық топтардың 5 мүшесі сот органдарының шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды. Қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер мен сот процестері жүргізіліп жатыр.