Түркістан облысының сауда орталықтарында адам өміріне қауіпті кабельдер сатылған

Динара Амантай

Олар техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді

Фото: drive2.ru/sashkabeer

Түркістан облысының сауда орталықтарында адам өміріне қауіпті кабельдер сатылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті өңірде қауіпті өнімді анықтау мақсатында кабельдік өткізгіш өнімдерін сатып алып, тексеру жүргізді. Оның барысында Түркістанның үш сауда нүктесінен кабель өнімдердің үлгілері іріктеліп, аккредиттелген сынақ зертханасына жіберілді.

Сынақ нәтижелері импорттық кабелдің үш түрі Кеден одағының «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (КО ТР 004/2011) талаптарына сәйкес келмейтіндігін көрсетті. Бұл кабельдерге келесі маркалар кіреді:

  • Ресейден ВВГ Нг П (А) LS 2х1,5 мм2 кабель
  • Түркиядан 2х2,5мм2 кабель
  • Түркиядан 2х1,5 мм2 кабель, – делінген хабарламада.

Анықтылған бұзушылықтар денсаулыққа қауіп төндіреді, соның ішінде электрге қатыссыз қауіптерден қорғаудың жеткіліксіз деңгейі; қауіпті саналатын жоғары температуралардың, разрядтар немесе радиацияның пайда болу қаупі; өнімді таңбалаудағы бұзушылықтар анықталды. Аталған мәселелер адам денсаулығына қауіп төндіреді. ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңның 35-бабына сәйкес, нарыққа ұсынылған айналымдағы өнім белгіленген техникалық регламенттерге және расталған талаптарға сәйкес болуға тиіс.

Бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша департамент 004/2011 КО ТР талаптарына сәйкес келмейтін кабельдік өнімдердің партиясын сатуға тыйым сала отырып, жедел ден қою шараларын қабылдады. Бүгінде департаменттің тыйым салу бойынша қаулылары орындалып, қауіпті кабельдік өнімдер сатылымнан алынды.