Үкімет тасқынды болжауға мүмкіндік беретін зерттеулерге қаржы бөлді
Тиісті қаулыға премьер-министр қол қойды
Су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен батиметриялық зерттеулер жүргізуге шамамен 576 млн теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бөлінген қаражат Су ресурстары және ирригация министрлігіне бағытталған. Қаржыландырудың негізгі бөлігі жабдықтар мен техникалық жарақтарды сатып алуға, сондай-ақ зерттеулер жүргізу жөніндегі қызметтерге бағытталатын болады. Атап айтқанда, қаражатты «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Су метрология» филиалына тікелей еліміздің солтүстік, батыс және орталық өңірлерінің су тасқыны қаупі бар учаскелеріне батиметриялық түсірілім жүргізуге бағыттау жоспарланып отыр.
Республикалық маңызы бар су қоймаларына батиметриялық зерттеу жүргізуді қоса алғанда, жұмыстар 2025 жылы жалғасады. Алынған деректер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға су тасқынын болжау және модельдеу ақпараттық жүйесіне енгізу үшін беріледі.