Діни алауыздық қоздырған қазақстандық Ресейден қайтарылды
Ол 2017 жылы күдікті Мәскеуде қарақшылық жасап, сотталған
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары өткізген бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде діни алауыздықты қоздырғаны үшін іздеуде жүрген қазақстандық Ресейден қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Күдікті басқа бірнеше адаммен алдын ала сөз байласып, 2016-2017 жылдары Алматыда бірнеше рет діни алауыздықты қоздырып, азаматтардың діни сезімдерін қорлап, діни көзқарасы бойынша өздерін артық санап, басқаларды кемсіткен. Бұл қылмыстық топтың басқа мүшелері әртүрлі жауапкершілікке тартылды, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін қашып кеткендіктен, халықаралық іздеуге жарияланды.
Осыдан кейін, 2017 жылы күдікті Мәскеуде қарақшылық жасап, сотталған.
Ресейде жазасын өтегеннен кейін аталған адам қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға қайтарылды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.