×

Рудныйда заңсыз майнерлер 100 млн теңге пайда тапқан

Олар 3 ауданға жететін электр энергиясын пайдаланған

 Динара Амантай 13.09.2024 | 09:33
Фото: Halyq Uni

Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысында заңсыз майнерлердің қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

ҚМА мәліметінше, Рудный қаласының аумағында бірқатар адам тиісті лицензиясыз заңсыз майнингпен «Bitcoin» криптовалютасын өндірген. Заңсыз «майнерлер» 3 аудан орталығы немесе 27 орта мектеп немесе 13 аурухана тұтынатындай электр энергия көлемін пайдаланып, жергілікті электр желілеріне орасан зор салмақ түсірген.

Тінту нәтижесінде 150-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар, Wi-Fi роутерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленді, – делінген Агенттік хабарламасында.

Цифрлық активтермен айналысатын арнайы бөлімше заңсыз өндірілген криптовалюта түсіп отырған аккаунтарды, сондай-ақ қаржы аударылған шоттарды анықтады. Алдын ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржының жалпы айналымы 100 млн теңгеден асады.

Соттың санкциясымен күдіктінің мүлкіне және криптовалюта аккаунтында сақталған заңсыз өндірілген цифрлық активтер бұғатталды.

Биыл ҚМА жүргізген істер бойынша цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылып, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1,2 млрд теңгеден асатын мүлік бұғатталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама