21 адамға қатысты материалдар сотқа жіберілді
Алматы облысында жыл басынан бері көше жол желісіне 1400-ден аса тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жол қозғалысы жағдайларын жақсарту және жолдардың барлық конструктивтік элементтерінің жай-күйін бағалауды талап ететін учаскелерді анықтау мақсатында облыстық әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері көше-жол желілеріне кезекті тексеру жұмыстарын ұйымдастырды.
Тек жыл басынан бері 1 404 зерттеу жүргізіліп, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды. Жол-коммуналдық ұйымдардың 236 лауазымды қызметкері автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 21 жауапты адамға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Бүгінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әкімшілік полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері біз 1400-ден астам зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жол белгілері, 16 бағдаршам нысаны, 12 жарпылдауық, 173 жасанды жол кедергісі, 1460 жол қоршауларының погонды метрі, 908 шаршы метр шулы жолақтары, сондай-ақ 22 бағдаршам нысаны жасанды жарықтандырумен жабдықталған, – деді облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов.