Олар емге, ауыл шаруашылығында, мал мен құс ауруларына қолданылмақ
Елімізде президент тапсырмасы бойынша жаңа медициналық 20 препарат дайындау қолға алынған. Оны QazBioPharm ұлттық холдингінің бас директоры Ерғали Әбдірайымов Ұлттық биотехнология орталығының 30-жылдығына арналған «Astana Biotech 2024» атты халықаралық конференциясында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аталған препараттар вакциналық және диагностикалық болып екі салаға бөлініп, медицина, ауыл шаруашылығы, мал мен құс ауруларына бағытталған.
Қазір ауыл шаруашылығы саласына көптеген дәрі-дәрмекті шетелден алып келеміз. Қазақстан көп дәрі-дәрмекке, вакциналарға, диагностикалық тесттерге тәуелді. Сол тәуелділікті жою үшін және президенттің тапсырмасы аясында өзіміздің отандық өндірістің көлемін ұлғайту үшін сол препараттарды дайындау қолға алынды, – дейді Ерғали Әбдірайымов.
Оның сөзінше, жаңа препараттар қолданысқа түскен жағдайда ірі-қара, жылқы, құс ауруларын емдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, бүгінде антибиотикке сезімталдығы жоқ жаңа патогендер, яғни микробтар пайда болған. Олар антибиотиктерді есепсіз қолдану кесірінен қалыптасады. Ұлттық биотехнология орталығы соған жаңа препататтарымызды ойлап тауып жатыр. Олар антибиотик әсерін жою немесе басу үшін қолданылмақ.
Бүгінде жаңа өнімдер бойынша ғылыми зерттеулер жүріп жатыр. Нәтижесі келесі жылдары белгілі болады.
Одан бөлек, жыл сайын халыққа тұмауға қарсы жасалатын екпе енді Қазақстанда әзірленіп жатқанын айтты. Ол да мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған. Оның ерекшелігі, тұмаумен бірге, ковидке қарсы біріккен вакцина болады. Бұл QazVac-тан бөлек, жаңа өнім. Егер кейін сынақтан жақсы өтетін болса, оны өндіріске енгізуге болады.