×

БҚО-да кітап байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бұл байқау биыл екінші рет өткізілді

 Халық үні 12.09.2024 | 14:21
фото: Казталов ауданы әкімдігі

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында «Мен оқыған 30 кітап» байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл байқау ережесіне өзгеріс енгізілген. Атап айтқанда, ұйымдастырушылар алқасы оқушылардың жас ерекшеліктерін, оқу деңгейлерін ескере отырып, 5 және 7 сынып, 8 және 11 сынып оқушыларына арналған кітаптар  тізімін бекітті. Ал жүлде қоры 2 млн теңгені құрады. Байқау тест сұрақтарына жауап беру және әңгімелесу сынды екі кезеңді қамтыды. Жазғы демалысын рухани білімін молайтуға арнаған жас буын оқығаны мен түйгенін ортаға салып, сынға түсті.

Бүгін ауданымызда екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Мен оқыған 30 кітап» байқауы қорытындыланып отыр. Бұл байқау — білімге қанат қаққан оқушыларымызды жігерлендіріп, зиялы ұлт қалыптастыруға септігін тигізетін дәстүрлі жоба. Руханиятымызды кемелдендіріп, ұрпағымыздың зейінін ашып, талабын шыңдауға, ауыл балаларының кітапқа құмарлығын арттыруға қолдау көрсеткені үшін ұстаздарға, кітапханашыларға, ата-аналарға ризашылығымды білдіремін, - деді марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.

Байқау қорытындысына сәйкес, әділ-қазылардың шешімімен 5 және 7 сынып оқушылары арасында бас жүлдеге Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Рамина Тлемисова ие болса, ІІ орынды қараөзендік Айша Рахимова, ІІІ орынды қараөзендік Сәнім Тұрарбек және қараобалық Азиза Ережеп иеленді. Ал 8 және 11 сынып оқушылары арасындағы додада Тереңкөл мектеп-бөбекжайының оқушысы Нұрайым Рахмет бас жүлдені қанжығасына байласа, Казталов мектеп-лицейінің оқушысы Бахтияр Тольяти ІІ орын, Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Аяулым Тілепберген және Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Айман Маркс ІІІ орынға ие болды. Байқау жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ( І орын — 300 мың теңге,  ІІ орын — 200 мың теңге, ІІІ орын — 100 мың теңге), ал қатысушылар белсене қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарына (30 мың теңге) ие болды.

«һМенің байқағаным казталовтық оқушылар ересектердің ескертуінсіз-ақ кітап оқуға құштар екен. Бұны әділ-қазылар алқасының төрағасы ретінде анық байқадым. Оқушылардың, ұл-қыздарымыздың интеллектуалдық дәреже деңгейін көтеретін мұндай бастаманы берісі облыстық деңгейде, әрісі кең байтақ Қазақстан бойынша насихаттауға өз басым бек бейілдімін.  Әрине, кітап оқу адамзат қоғамы үшін де, жеке адам үшін де интеллектуалдық тұрғыдан адамның ой-өрісін кеңейтетін, дүниетаным, түсінігін тереңдететін, қоғамдық санаға ықпалды институттардың бірі. Алдағы уақытта аудан көлемінде мұндай бастама үзіліп қалмай, жалғасын табатынына сенімдімін, -деді Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин.    

Серіктес жаңалықтары

Сараптама