Қазақстанда үздік сынып жетекшісі анықталады
Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен марапатталады
Елімізде «Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауы басталады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, байқау алғаш рет «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп, тәрбие жұмысының тиімді әдістері мен инновациялық тәсілдерін анықтауға және қолдауға бағытталған.
Байқауға барлық орта білім беру ұйымдарының сынып жетекшілері қатыса алады. Ол үш кезеңде өтеді:
- I кезең (аудандық) - 2024 жылғы 17-18 қыркүйек;
- II кезең (облыстық) - 2024 жылғы 24-25 қыркүйек;
- III кезең (республикалық) - 2024 жылғы қараша айында Астана қаласында өтеді.
Байқаудың әр кезеңінде қатысушыларға бейнеролик форматында шығармашылық сынып сағатын көрсету, ата-аналармен өзара іс-қимыл жүйесін ұсыну, өзін-өзі таныстыру, өз жобаларын қорғай отырып, педагогикалық қызметте әртүрлі жағдайларға талдау жасау талаптары қойылады, – делінген министрлік хабарламасында.
Қорытынды жұмыстар білім беру саласындағы сарапшылар тарапынан педагогтердің кәсіби және қоғамдық қызметі негізінде бағаланады.
Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен марапатталады, ал бас жүлдегерге ведомстволық награда тапсырылады.