Бұрынғы майор 8 жыл бойы көмекшілерімен бірге түрмеде жазықсыз отырып шықты
Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Тамара Королевскаяның төрағалығымен ерекше сот отырысы өтті. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Айдын Алпысбаев, Мұрат Хасенов және Сергей Логвиненко алдын ала сөз байласу барысында кәсіпкер Игорь Кудинді өлтірмек болғаны, жоспары сәтсіздікке ұшырағаннан кейін олар екінші әрекетке дайындалғаны айтылған.
ҰҚК бұрынғы майоры Айдын Алпысбаевқа қатысты қозғалған іс 2014 жылы басталған. Кәсіпкер Игорь Кудин белгісіз біреулердің өміріне қастандық жасағаны туралы арызбен құқық қорғау органдарына жүгінген. Бір видеожазбаның көмегімен және криминалдық полиция басқармасының «К» бөлімінің бастығы Ерсен Өтеғалиевтің атқарған жұмысының нәтижесінде құқық қорғау органдары қастандық әрекетке қатысушыларды анықтаған. Алайда қорғаушы тарап, сондай-ақ сотталушылардың өздері де істегі түрлі заң бұзушылықтарға, оның ішінде күндер мен уақыт бойынша сәйкессіздіктерге назар аударды. Көптеген құжаттарда орындаушы, күні, қолы жоқ. Өтеғалиев сотта бұл құжаттарды тергеушімен бірге дайындағанын, әрі олар тек ақпараттық сипатта құрастырылғанын айтқан.
Айдын Алпысбаев 2014 жылдан бері өзінің кінәсіз екенін жариялап, оны жан-жақты дәлелдеуге тырысып келген. Оның өтініші бойынша сот алқабилердің қатысуымен өтті. Сотталушы ұсталған кезден бастап қандай да бір жауап беруден бас тартып отырған, осыған байланысты түрлі психологиялық қысымға ұшыраған. 2016 жылы сот іс бойынша тергеуші Сәкен Сүлейменовті Алпысбаевты азаптағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Азаптау дауынан бөлек, бұл оқиға басқа мәселелерімен де көпшіліктің есінде қалды. Қазіргі сот отырысы үшінші алқабилер алқасының қатысуымен өтті. Бірінші құрам төрағалық етуші судья Қайыров тарапынан қысым болғанын, оның айыптау үкімін шығаруға мәжбүрлегенін айтқан. Одан кейін Жоғарғы сот ол үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Бұдан соң Тамара Королевская кеңесу бөлмесінің құпиясын ашамыз деген желеумен екінші қазылар алқасын таратқан еді. Енді қазіргі құрам Айдын Алпысбаев, Сергей Логвиненко және Мұрат Хасеновтің кінәсіз екенін ескеріп, өз үкімін шығарды.
Алқабилер алқасы мен соттың үкімі бойынша Алпысбаев, Хасенов, Логвиненко қылмыстық оқиғаның болмауына байланысты ақталуға жатады, - деп қорытындылады судья Тамара Королевская.