×

Астана Прага және Таллинмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

СІМ вице-министрі елшілермен кездесті

 Динара Амантай 12.09.2024 | 09:25
Фото: Halyq Uni

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия және Эстония елшілерімен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Чехия Елшісі Павел Шепелякпен кездесуде дәстүрлі достық қазақ-чех қатынастарын одан әрі нығайтуға қатысты мәселелердің барлық спектрі егжей-тегжейлі талқыланды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге берік көзқарас танытты.

Сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту бойынша міндет-мақсаттарды талқылай отырып, тараптар қолда бар тетіктерді, оның ішінде Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясын пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Сұхбаттастар 2023 жылғы сәуірдегі Чехия Премьер-министрі Петр Фиаланың Қазақстанға ресми сапары барысында, сондай-ақ 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияның «алаңында» Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавскиймен кездесуі аясында қол жеткізілген уағдаластықтар рухында диалогты жалғастыруға келісті.

Р.Василенко энергетика, көлік, машина жасау, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларда табысқа қол жеткізген чех компанияларымен ынтымақтастықты арттыруға қызығушылық білдірді.

Қазақстандағы Эстонияның жаңадан тағайындалған Елшісі Яап Ораны құттықтай отырып, Министрдің орынбасары достық пен сенімді диалог рухында дамып келе жатқан қазақ-эстон қатынастарының жай-күйіне қанағаттанушылығын білдірді.

Сұхбаттастар жасыл энергетика және технологиялар, экология, білім және инновациялар салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуеттің барына назар аударды.

Тараптар екіжақты және көпжақты форматтарда тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендігін атап өтті. Олар алдағы іс-шаралар кестесін, оның ішінде аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарларға дайындық жүргізу сұрақтарын талқылады.

Кездесу соңында Эстония Елшісі жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін атап өтті.

Роман Василенко оған жаңа дипломатиялық қызметте жоғары жетістіктер тіледі.

Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара сауда көлемі 2023 жылы 48%-ға өсіп, 627 млн АҚШ долларға жетті (ҚР экспорты – 147,7 млн, ҚР импорты – 479,3 млн). 2024 жылғы қаңтар-шілдеде тауар айналымы 317,3 млн АҚШ доллар болды.

Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 29%-ға өсіп, 157,5 млн АҚШ долларға жетті (ҚР экспорты – 78,1 млн, ҚР импорты – 79,4 млн). 2024 жылғы қаңтар-шілдеде өзара сауда 50,3 млн АҚШ доллары болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама