Halyq Uni логотип
×

Енді жолдар мен көшелерді нақты кім тазалайтыны заңмен айқындалады

Құжат қаладағы инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 11.09.2024 | 17:01
Енді жолдар мен көшелерді нақты кім тазалайтыны заңмен айқындалады
Фото: Halyq Uni

Астанадағы жолдар мен көшелерді нақты кім тазалайтыны заңмен айқындалады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің экономикалық реформалар, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитетінде «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілерін астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Ондағы маңызды нормаларды Бауыржан Омарбеков түсіндірді.

Литерлік» объектілерді тазалау үшін қызметкерлерге қойылатын қауіпсіздіктің жоғары талаптарын ескере отырып, «Астана мәртебесі туралы» заңда арнайы трассалар және автомобиль жолдары мен көшелерді тазалау бойынша заңды тұлғаны айқындау ұсынылады, - деді вице-министр.

Сондай-ақ аталған құжат аясында айыппұл тұрағының ережелері бекітіледі.

«Қазіргі және алдағы уақытта тәркіленген көлік құралдарды әкімдіктің шешімі бойынша құрылатын арнайы айыппұл тұрағында қойылады. Алайда оның жұмыс істеуі ешқандай құжатпен реттелмеген. Осыған байланысты «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң шеңберінде облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттарының құзыретіне айыппұл тұрақтарының жұмыс істеу мәселелерін реттеу бойынша қағидаларды бекіту ұсынылады», - деді Бауыржан Омарбеков.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша консультативтік құжатты әзірлеу кезінде реттеушілік әсерге талдау жүргізуді талап ететін 15 норма болған. Бірақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер тек сол кодекс шеңберінде қаралуға тиіс болғандықтан, кейбір түзетулер басқа заң жобалары шеңберінде қарастырылады:

  • Белгіленбеген орындарда көліктерді пайдалана отырып, қалдықтарды шығарғаны үшін айыппұлдарды ұлғайту;
  • Жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзғаны үшін ескертуді алып тастау;
  • Техникалық байқау станцияларын рұқсат беру тәртібіне ауыстыру және бұзушылық жасағаны үшін сот шешімі негізінде тиісті тізілімінен шығарылған жағдайда 3 жыл ішінде қызметті іске асыруға тыйым салу.

Түзетулерді қабылдау қалалардың инфрақұрылымын дамытуға, қалалық орта объектілерінің қолжетімділігін арттыруға, халықтың барлық тобы үшін қауіпсіз және жайлы тұруға ықпал етеді. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды, - деді министрдің орынбасары.

Комитет аталған заң жобасын қарауға алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама