Көкпар мен көк бөрүден Қазақстан мен Қырғызстан командасы финалда кездеседі
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнінде 6 алтын, 7 күміс, 8 қола жүлде жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 27 алтын, 17 күміс, 25 қола жүлде бар, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі.
Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейді 18-2 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ақтық ойында Қырғызстаннан келген көкпаршыларымен кездеседі. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді.
Көк бөрүден Қазақстан командасы Түркия құрамасын 15-1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Финалда қазақстандық спортшылар Қырғызстан командасымен кездесіп, алтын жүлдені сарапқа салады.
Ипподром маңындағы этноауылда жамбы атудан соңғы жарыс күні өтті. Жамбы стилінен Батыр Бексауыт күміс жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама спортшылары жалпы 2 алтын, 2 күміс, 2 қола иеленіп, командалық есепте 1-орынға жайғасты.
Этноауылда powerful nomad спортынан абсолютті салмақ дәрежесінде Азамат Мақұлбеков алтын жүлде алды. Ол 16 елден келген 16 спортшының ішінен үздік нәтиже көрсетті.
«Арғымақ» ат спорты кешенінде өтіп жатқан дәстүрлі садақ атудан үшінші жарыс күнінде садақшылар «Жамбы» нысанасы бойынша сынға түсті. Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды. Дәстүрлі садақ атудан жарыстың алғашқы күні «Пута» нысанасы бойынша Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлде алса, Жәнібек Құлмырзаев алтын жүлде иеленді. Ал «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қырғыздың ұлттық белбеу күресі – алыштан жарыс аяқталды. Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Тұрмаханбек Қалмұқан және 100 келі салмақ дәрежесінде Бекбол Нұрланұлы күміс жүлде алды. Нұржан Сәрсенғалиев (70 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 75 келіде Перизат Жақыпбекова күміс жүлдеге ие болса, 55 келіде Назерке Әбілтаева, 60 келіде Арайлым Ракиш және 65 келіде Айнұр Ақжігітова қола жүлде алды.
«Алау» мұз сарайында арқан тартыстан жарыс өтті. Қазақстан ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да финалда ресейлік спортшылардан жеңіліп, әрқайсысы күміс жүлдеге ие болды.
«Алау» мұз сарайында ерлер арасында асық ату мен әйелдер арасында бес асықтан финалдық ойындар өтті. Асық атудан ерлер құрамасы Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы Ресейден басым түсіп, алтын жүлде алды.
«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде тоғызқұмалақтан финалдық ойындар өтті. Ұлттық құрама спортшылары жекелей сында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола иеленіп, командалық есепте алтын жүлде алды. Қыздар арасында Мөлдір Серікқызы алтын жүлдеге ие болса, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов алтын алса, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлде иеленді.