×

Диагнозды бұрмалаған жедел жәрдем қызметкеріне сот үкімі шықты

Ол медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылды

 Динара Амантай 11.09.2024 | 17:22
Фото: Halyq Uni

Қосшы қалалық сотында адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірген, салғырттығы салдарынан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамаған «103» қызметі бойынша шақыруларды қабылдайтын фельдшерге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, «103» қызметінің диспетчері пациенттен шақыруды қабылдап, «артериялық гипертензиямен есепте тұрған, кеудеде ауырсыну, жеделдіктің 1-санатындағы шақыру» хабарламасымен оны Қосшы қаласына жолдаған.

Қосшыда фельдшер «С.» шақыруды қабылдай отырып, шақыртуды 1-ші санаттан 4-ші санатқа ауыстырған, пациенттің шағымын бұрмалап «жоғары температура, 1 аптадан астам ауырсыну, қатты жөтел» деп көрсетіп, оны емханаға жолдаған, – делінген іс материалында.

Емханадан науқасқа фельдшер жіберіліп, ол 4-ші санат бойынша медициналық көмек ретінде тексеріс жүргізіп, инъекция жасап кеткен. Науқас көрсетілген медициналық көмекке қанағаттанбай, Астана қаласының ауруханасына өз бетінше баруға мәжбүр болған. Ауруханада оған «Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай» диагнозы қойылды.

Фельдшердің кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, фельдшерге шақырудың жеделдігі санатын өзгертуге тыйым салатын нормативтік құқықтық актілермен және істің басқа материалдарымен расталды.

Сот шешім шығарарда сотталушының жүктілігін (22 аптадан астам мерзімде), ауырлататын мән-жайлардың болмауын және бұрын-соңды сотталмағанын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерді.

Сот үкімімен «С.»-ға медициналық қызмет көрсету құқығын айыра отырып, пробациялық бақылау белгіленіп 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Сонымен қатар, сот облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды. 

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама