Залалды өмірінің соңынан дейін өтей алмайды – депутат заңсыз сотталған қазақстандықтар туралы
Киіктің неден өлгені анықталмаған
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заңсыз сотталған қазақстандықтардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
Бүгін киіктің дериваттары үшін көрінеу заңсыз, әділетсіз сотталып жатқан ауыл азаматтарының жағдайын айтамын. Киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар – аң атуды кәсіп қылған браконьерлер емес немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар емес, қарапайым ауыл тұрғындары, - деді Абзал Құспан.
Депутат сөзіне нақты дәлелдер келтіре алатынын жеткізді.
Мен оқып танысқан жүзден астам сот актісі бар. Киікті атпаған, бірақ оның мүйізін сатқан (жинаған, сақтаған, тасымалдаған) адамдарды қоршаған ортаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге залал келтірді деп, жаппай соттау практикасы 2021 жылдың тамызынан басталған. Оған негіз – қолымдағы Жоғарғы Соттың сол кездегі қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болған Абдрашит Жүкеновтың облыстық сот басшыларына жолдаған нұсқау хаты. Хат қылмыстық кодекстің 339 бабын түсіндіру деп аталғанымен, мәні бойынша тікелей нұсқау формасында рәсімделген. Ол хаттың жазылуына, өз кезегінде сол кездегі бас прокурор Ғизат Нұрдіулетовтің ақпараты негіз болған, - деді ол.
Салдарынан, киікті атуға қатысы жоқ азаматтар бұрын Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен сотталса, 2021 жылдың тамызынан бастап, сотталғандардың әрекеті сол баптың 3-бөлігімен дәрежеленді.
Осылайша, олардың мойындарына жүздеген миллионнан, бірнеше миллиардтаған сомаға айыппұлдар салынып, нақты бас бостандығынан айырылған. Бұл жерде мен зерделеген сот актілеріндегі негізгі қателік ол, кез-келген қылмыстық іске қатысты қолданылатын басты принцип – қылмыстық әрекетпен одан келген залалдың арасындағы себеп-салдарлық байланыстың анықталмауы. Барлық жағдайда іс бір сценариймен жүреді. Киіктің мүйіздері табылады, іс қозғалып, Үкімет тарапынан экология министрлігінің уәкілетті комитеті арқылы киіктің құны шығарылады (бір киік 2,5 млн теңгеге бағаланған), ал тергеу органдары мен сот азаматты киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін соттайды. Алайда киіктің өлу себебі тергеу де, сот та анықталмайды. Одан басқа, сот сол киіктің мүйіздерін бір тиындық құны жоғы себепті, қажеттілігі болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ, - деді депутат.
Абзал Құспан жазда заңсыз сотталған азаматтардың туыстарымен кездескенін жеткізді.
БҚО адвокаттар алқасында жиналыс өткіздім. Судьяларға да жолықтым. Бәрінің айтатыны Жоғарғы соттан келген нұсқау хат. Павлодар қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кездестім. Ол жерде 58 азамат отыр. Әрқайсысының мойнында мына ғұмырларында өтеп бола алмайтын залал бар. Салдарынан көптеген отбасы ажырасып жатыр. Ең сорақысы, іштерінде бірде-бір браконьер жоқ. Есесіне Ауған соғысында басынан зақым алып, жүйке аурулары салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын азамат отыр, - деді ол.
Депутат бас прокурорды бірнеше мәселелерге назар аударуды сұрады. Атап айтқанда бұрынғы Бас прокурор тарапынан Жоғарғы сотқа жолданған ақпаратты кері қайтару, сондай-ақ Жоғарғы соттың облыстық сот төрағаларына жолдаған 2021 жылғы тамыздағы нұсқау-хаттың күшін жою. Бұған қоса Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 3-бөлігімен шыққан сот үкімдеріне талдау жүргізіп, наразылық беруді сұрап отыр.
Еске салсақ, БҚО-да даладан киік мүйіздерін жинаған малшылар 7-8 жылға сотталып кеткен болатын. Сотталған азаматтардың туыстары мен заңды өкілдері жәбірленуші тараптың бірнеше миллиард шығын талап ететінін айтты. Оның ең азы 1 млрд 600 мың теңгеден басталады.