Алматы мектептеріндегі тамақтану сапасын бақылайтын комиссия құрылады

Динара Амантай

Қалада 328 мектеп бақылауға алынған

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда мектеп асханаларындағы тамақ сапасын бақылау үшін мониторингтік комиссия құрылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әсем Нүсіпованың айтуынша, ыстық тамақ ұйымдастыру және санитарлық нормаларды сақтау бойынша топ құру туралы бұйрық бекітілген. Комиссияны қала әкімінің орынбасары, депутаттар, санитарлық эпидемиологтар, медицина мамандары және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері кірген ведомствоаралық сараптама тобы басқарады.

Комиссияның аралық қорытындысы 15 қыркүйекке дейін, ал түпкілікті қорытындысы 25 қыркүйекке дейін шығарылады. Осы оқу жылында жаңа мәзір ұсынылып, асханаларда тағам қауіпсіздігіне баға беріледі.

Айта кетсек, қалада 328 мектеп бақылауға алынған. Оның 322-сі ыстық тамақпен қамтылған. Онда әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасылардан шыққан 133 мыңнан астам оқушы тегін түскі аспен қамтамасыз етілген.