Жетісу облысында еңбек орталықтарының басшылары жауапқа тартылды

Динара Амантай

170-тен аса кәсіпкердің құқығы бұзылған

Фото: Halyq Uni

Жетісу облысында еңбек мобильділігі орталықтарының басшылары жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Прокуратураның мәліметінше, Еңбек мобильділігі орталығы КММ кәсіпкерлерге бизнес-идеяларды іске асыруға грант бөлу кезінде есеп беру мерзімін негізсіз белгілеген. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 24-тармағына сәйкес, грант алушы 12 ай ішінде тоқсан сайын есеп тапсырады. Алайда, гранттарды бөлу туралы келісімдерде уәкілетті орган орталықтың сұрауы бойынша грант алушыға көрсетілген мерзімдердің орнына 5 күн ішінде грантты нысаналы пайдалану туралы ақпарат пен құжаттарды ұсыну туралы міндеттерді қосқан. Осының салдарынан уәкілетті орган кәсіпкерлерден қажетсіз есептерді ауызша сұрап отырған.

Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес заңсыз талаптар шарттан алынып тасталды.

Кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін аумақтық еңбек мобильділігі орталықтарының 4 басшысы мен 3 маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура ісін жаңа бастаған 171 кәсіпкердің құқығын қорғады.