Тоғызқұмалақ тақтасы ғарышқа ұшырылды
9 қыркүйекте сағат 09:09-да қатысушылар 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9-ұядан бастап есептеумен сайысқа түсті
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар басталды, деп хабарлайды Halyq Uni Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Бір қызығы, 9 қыркүйекте сағат 09:09-да қатысушылар 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9-ұядан бастап есептеумен сайысқа түсті.
Ал одан да ерекше айта кететін маңызды жаңалық – тоғызқұмалақ тақтасының ғарыш кеңістігіне шығуы. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісім негізінде тастары бар тақта алғаш рет Көшпенділер ойындары аясында стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді.
Бұл іс-шара – үстел ойындарының жанкүйерлері үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды жаңалық. Тоғызқұмалақ – ғарышта болған жалғыз үстел ойыны.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғызқұмалақ турнирінде 41 елден, оның ішінде Колумбия, Бангладеш, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және Араб елдерінен келген 114 қатысушы бақ сынайды.