×

Астанадағы LRT құрылысы: Құны өзгермеді, қашан бітері белгісіз

Құрылысты Қытай компаниясы жетекшілік ететін концорциум салып жатыр

 Ербол Тұрымбет 10.09.2024 | 18:06
Фото: Halyq Uni

Астана қаласы әкімдігіне қарасты City Transportation Systems ЖШС қалада салынып жатқан жеңілрельсті көлік желісінің құрылыс барысы жайында мәлімет берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Компания мәліметінше, бүгінде құрылысты консорциум жүргізіп жатыр, ішінде жетекші компания – China Railway Asia – Europe Construction Investment Co., Ltd. Биыл жобаны іске асыру жұмыстарына 2,5 мыңға жуық жұмысшы тартылған. Оның ішінде Қазақстан және шетел азаматтары бар.

Жобаның аяқталу мерзімі мен құрылыс қаражаты бюджеті нақтыланғаннан кейін анықталады. Алайда, қарлыжандыру жоспарына сәйкес 2024 жылы эстакада құрылысын толығымен және бекеттердегі негізгі темір-бетон жұмыстарын аяқтау көзделген, деп жазылған ресми жауапта.

Қазір жоба республикалық бюджетпен қаржыландырылып жатыр. Жобаның жалпы құны бастапқы бекітілген келісімшарттағы 1,888 млрд доллардан өзгермеген. Айта кетейік, LRT іске қосылған соң тәулігіне 25 мың жолаушыны тасымалдайды деген болжам бар.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Astana LRT ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық іс тергеп жатқанын жазған едік.Тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдер күдікті Т. Ардан әрекеттерін Қылмыстық Кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралауға мүмкіндік беріп, ол күдікті ретінде жауап алуға шақырылды.

Одан бөлек, LRT жобасын қаржыландыруға қаржы бөлген ҚХР Мемлекеттік даму банкінің топ-менеджерлері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тергеуге алынғаны айтылды. Қытай прокурорлары Мемлекеттік даму банкінің бұрынғы вице-президенттері Ли Цзипин, Ван Юншэн және Чжоу Цинюге сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама