Назарбаев әуежайы Ресейден 31 млн теңгеге дәретхана қағазын сатып алмақ

Ая Өміртай

9 маусымда Назарбаев әуежайының жұмысшылары жалақысының аздығын айтып, басшылыққа талап қойған еді

фото © Тұрар Қазанғапов

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Ресейде өндірілген дәретхана қағаздарын 30 млн 994 мың теңгеге сатып алмақ.

Мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілгендей, конкурс жеңімпазы болып «Деппо Централ Азия» ЖШС танылған. Ескертпеде шарттың техникалық ерекшелігі конкурс жеңімпазының техникалық ерекшелігі негізінде бекітілетіні көрсетілген.

Сатып алынатын тауар сипаттамасы: құрамы 100% суда еритін целлюлоза. Түсі – таза ақ. Жеткізілетін тауарлар жаңа болуы керек, яғни пайдаланылмаған, қайта өңделмеген, материалдарға немесе оларды дайындау жұмыстарына байланысты ақаулар болмауға тиіс.

Техсипаттама ретінде қоса жүктелген сәйкестік туралы декларацияда өндіруші ұйым «Хаят Кимья» кәсіпорынының заңды мекен-жайы ретінде Ресей Федерациясы көрсетілген.

Әуежай әкімшілігі 7059 дана қағаз буманың біреуін 442 теңгеден сатып алуға келіскен.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежай басқармасының төрағасы – Ғабит Тәжімұратов. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Назарбаев әуежайының жұмысшылары жалақы аздығын айтып, азық-түлікті несиеге алуға мәжбүр екенін жеткізген еді. «Олар басшылық ауыр жұмысымыздың адал ақысын өтесе» деп талап қойып отыр.

2020 жылы әуежайдың еден жуушылары наразылық білдіріп, басшылықтың қолғап, тазалау заттарын, қоқыс төгетін пакет бермейтінін айтып шағымданған еді. 

Ресми дерек бойынша, Назарбаев әуежайы жылына 8 млн жолаушы қабылдай алады. Әуежайдың жалпы аумағы - 47 мың шаршы метр.