Президент БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының бас хатшысын қабылдады
Көшпенділер ойындары халық арасындағы достықты нығайтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының бас хатшысы Зураб Пололикашвилиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқаны үшін UNWTO делегациясына және Зураб Пололикашвилиге ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауқымды іс-шара халық арасындағы достықты нығайтуға, Қазақстанның имиджін ілгерілетуге, еліміздің бай мәдени-тарихи мұрасын дәріптеуге септігін тигізеді деген пікірде.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ұйыммен тығыз ынтымақтастыққа бейілді және туризм саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Бас хатшы Зураб Пололикашвили қонақжайлық танытқаны үшін мемлекет басшысына алғыс айтып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар туризмді және жалпы ел экономикасын дамытуға жол ашады.
Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымымен серіктестік аясын кеңейту перспективасы талқыланды.
Еліміздің туристік әлеуетін және халықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал ететін нақты жұмыстарға баса назар аударылды.