Halyq Uni логотип
×

«Әрбір отбасының жеңісі – бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі». Президент байқау жеңімпаздарын құттықтады

Өңірлік кезеңге қатысуға 3,3 мың өтінім түскен

 Динара Амантай 06.09.2024 | 20:20
«Әрбір отбасының жеңісі – бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі». Президент байқау жеңімпаздарын құттықтады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, марапаттау рәсіміне еліміздің барлық аймағынан өңірлік кезеңдердің жеңімпазы атанған отбасылар келген.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлттық байқаудың жеңімпаздарын құттықтай отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Президент құттықтау хатында Әділетті Қазақстанды құру жолында отбасы институтын қолдау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміз осы қызметке ерекше мән беріп, тиісті шаралар қабылданып жатқанына да назар аударды.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – халқымыздың құндылықтарын жаңғыртуға мүмкіндік беретін, бірегей дәстүрі бар ерекше жоба. Бәріміздің міндетіміз – қазақ халқының қасиетін жастарымыздың бойына барынша сіңіру. Бұл ретте әрбір отбасы маңызды рөл атқарады. Халық арасында адал қызметімен қоғамға үлгі болатындай өнегелі отбасылар аз емес. Бүгінгі кеш сөзімнің дәлелі болатыны сөзсіз. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауындағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан халқымыздың мерейлі жетістігі деп бағаласақ болады, – деп білдірді жылы лебізін президент.

Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда отбасы институты маңызды рөл атқаратынына үнемі назар аударады. Сенат төрағасы Ұлттық құрылтайдың отырысында мемлекет басшысы жариялаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымы мемлекет идеологиясының іргетасы ретінде ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасының маңызын көтеруге, ана мен баланы қорғау мәселесіне, халық арасында дұрыс құндылықтарды дәріптеуге үнемі назар аударады. Президент Қазақстан халқына Жолдауында аталған мәселелерді атап өтіп, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамалар кешенін жариялаған болатын. Осының бәрі республика бойынша әрбір отбасының жағдайына жағымды ықпалын тигізетіні белгілі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол Палатаның президент жүктеген міндеттерін іске асыру аясында орындап жатқан заңнамалық қызметіне тоқталды.

Салтанатты шарада 2024 жылы жүргізіле бастаған «Ұлттық қор – балаларға» ұлттық жобасы туралы, сонымен бірге оның шеңберінде республика бойынша 7 миллион баланың қамтылғаны айтылды. Елімізде отбасына қолдау көрсетуге бағытталған әрі әйелдер мен балалар құқығын қорғауды көздейтін басқа да маңызды шаралардың іске асырылып жатқаны туралы сөз қозғалды.

Мәулен Әшімбаев ұлттық байқаудың жеңімпаздарын құттықтай отырып, отбасылық құндылықтарды насихаттауда «Мерейлі отбасы» байқауы маңызды орынға ие екендігін атап өтті.

Халық арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ұлттық жобаға ұзақ жылдар бойы бір салада жұмыс істеп жатқан еңбек династиялары, маңызды қоғамдық істерге атсалысып жүрген меценаттар мен еріктілер, бала асырап алған және шығармашыл отбасылар қатысты.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, осы жылы ұлттық байқау 11-ші рет өткізіліп отыр. Жобаның облыстық кезеңіне қатысуға республиканың барлық өңірінен 3 мың 369 өтінім келіп түскен.

Салтанатты шарада ұлттық байқаудың жеңімпаздарын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да құттықтады.

Еліміздегі әр отбасы – халқымыздың жүрегі әрі тірегі. Сіздердің ұлттық байқауға қатысып, жеңімпаз атанғандарыңыз мен үшін үлкен қуаныш. Еліміздің құндылықтарын бойына сіңіріп өсіп жатқан балаларыңыздың қызығын көре беріңіздер!» – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

«Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының қорытындысына сәйкес, Ақмола облысынан келген Көңбай әулеті, Алматы облысынан Жанбаевтар әулеті, сондай-ақ Ақтөбе облысынан Нұрбаевтар әулеті, Абай облысынан Смағұловтар отбасы жеңімпаз болды. Бұған қоса Астана, Алматы және Шымкент қаласынан Әділбаевтар, Қапышевтар және Сыдықовтар әулеті жеңімпаз атанса, Қарағанды облысынан Халабаевтар әулеті, Батыс Қазақстан облысынан Хамзиндер отбасы, Солтүстік Қазақстан облысынан Хасеновтер әулеті, Атырау облысынан Сырәлиевтер, Қостанай облысынан Шүкіровтар отбасы, Жамбыл облысынан Таңатаровтар әулеті, ал Жетісу облысынан Әлекеевтер отбасы жеңімпаз атанды. Сонымен бірге Павлодар облысынан Теміровтер отбасы, Ұлытау облысынан Қыдырпатшаевтар әулеті, Қызылорда облысынан Бектаевтар, Маңғыстау облысынан Мұқырбаевтар отбасы, Түркістаннан Меңлібаевтар отбасы және Шығыс Қазақстан облысынан Қыдырхановтар әулеті үздіктердің қатарынан табылды.

Айта кетсек, жеңімпаз атанған отбасыларға 1 миллион теңгеден беріледі. Бұған дейін 10 жыл ішінде ұлттық байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама