Көліктік бақылаудан бас тартқан жүргізуші қамауға алынды

Динара Амантай

Ол инспекцияның қызметтік машинасына зақым келтірді

Фото: видеодан скриншот

Көлік министрлігі жүк көлігінің салмақтық нормаларын сақтамағаны үшін елеулі шаралар мен айыппұлдар салынатынын ескертті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еске сала кетсек, Астанаға негізгі кіреберіс жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылған. Құрылғы жолдардың бұзылуына жол бермеуге ықпал етеді. Жүк көліктері жүк тасымалдау барысында белгіленген нормадан асқан жағдайда әкімшілік шаралар қарастырылғаны хабарланған болатын.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, автоматтандырылған өлшеу жүйелері іске қосылған сәттен бастап, инспекция қызметкерлері салмақ параметрлерін ұстанбау және жүргізушілердің заң талаптарына бағынбау фактілерін тіркеп отыр.

Астананың айналма жолында Қызылсуат ауылының маңында бірнеше жүк көлігінің жүргізушілері көліктік бақылаудан бас тартып, оқиға орнынан қашып кетіп қалуға тырысқан. Оқиға барысында ауыр жүк көліктерінің бірі инспекцияның қызметтік машинасына механикалық зақым келтірді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, ал көлік айыппұл тұрағына жіберілді, – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін тағайындалады.

Осылайша, көліктердің рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан аспауға тиіс:

  • үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
  • төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
  • бес осьті – 38 тонна;
  • алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.