Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үйлі болды

Динара Амантай

Оларға тұрмыстық техника да сыйлыққа тартылды

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы Темір ауданы Құмсай ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 21 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, әрқайсысының көлемі 80 шаршы метр болатын жаңа үйлер тұрғындардың өздері таңдаған жерге, ауылдың биік жерінен салынған. Кілттерді тапсыру рәсіміне мәслихат депутаттары, Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев және мердігер компаниялардың өкілдері қатысты. Әрбір жаңа тұрғын жаңа үйдің кілтін ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық техниканы да сыйлыққа алды.

Кешегі көктемгі су тасқыны кезінде осы ауылға келгенімізде, халықтың көңіліндегі кірбіңі мен жанайқайын көрген едік. Қаншама тұрғын баспанасыз қалды. Бірақ бүгінде жаңа баспанаға ие болған жандардың көзінен қуаныш көріп отырмыз. Шаңырақтарыңызда әрқашан жылулық пен бақыт болсын, – деді жерлестерін құттықтай келген облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов.

Көктемгі су тасқыны салдарынан Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші және Шитүбек ауылдарындағы 98 тұрғын үйді су басты. Құзырлы органдардың жедел әрекеті мен қамқор адамдардың көмегінің арқасында зардап шеккен отбасылар қауіпсіз және жайлы үйлерде өмірлерінің жаңа тарауын бастады. Тұрғын үйді қалпына келтіруге 224 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 41 үйді жөндеуге және 36 отбасына қайталама нарықта дайын баспана сатып алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жоғалған немесе бүлінген мүліктері үшін 63 отбасына 26 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек тағайындалды.

Бұл жаңа үйлер – біздің тұрақтылығымыз бен бірлігіміздің символы. Қуаныш пен берекенің мекеніне айналсын – деді аудан әкімі Саламат Аманбаев.

Ақтөбе облысында тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін облыстың өзге аудандарында 350 жаңа үйдің кілті табыс етіліп, тағы 513 отбасы оларға сатып алынған үйлерге қоныстанған болатын.