Премьер-министр балалардың жаппай улануына байланысты тиісті ведомстволардың есебін тыңдады
Үкімет Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылында балалардың улану себептерін тексеруді бақылауға алды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Премьер-министр аталған жағдайға байланысты денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрлерін, Маңғыстау облысы әкімінің есептерін тыңдады.
Ақпаратқа сәйкес, бүгінде 460 бала дәрігерлердің бақылауында, оның 83-і ауруханаға жатқызылып, 2 бала жансақтау бөлімінде. Зардап шеккендердің, оның ішінде жансақтау бөліміндегі балалардың жағдайы тұрақты. Денсаулығының жақсаруына байланысты реанимацияда жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды.
Қазір ауруханаға улану белгілерімен түскен балалардың бәріне толық көлемде қажетті медициналық көмек, соның ішінде психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға орнында Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыстар жүргізіледі. Тәулік бойы штаб жұмыс істейді, – делінген Үкімет хабарламасында.
Ауру ошағын оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін өңірге «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының мамандары жіберілді.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған, – делінген хабарламасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бесшоқы ауылының №8 мектебінде бірінші ауысыммен оқитын 1-4 сынып оқушылары асхана тамағымен жаппай уланып қалғанын хабарлаған болатынбыз. Аталған жағдайға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапқа тартылатыны белгілі болды.