Биыл күріш өнімділігі 50%-ға артуы мүмкін
Шаруалар 120 күн бойы су мол болғанын айтады
Биыл су мол келгендіктен, күріш өнімділігі 50%-ға артуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы облысы Балқаш ауданының шаруалары күріш жинауға дайындалып жатыр. Дихандар биыл егістікке қолайлы жыл болғанын айтады. Ауа-райына байланысты күрішті ерте отырғызып, су мол келгендіктен, өнімділік артқан.
Биыл соңғы 5-6 жылда алғаш рет өнімділік артып отыр. Өткен жылы гектарынан 30 центнерден өнім алсақ, биыл 40-45 центнерден алуға ниеттіміз. Себебі, өздеріңіз көріп отырғандай, күріштің жағдайы жақсы. 120 күн бойы су мол болды. Сондықтан болжам жақсы, – деді шаруа қожалығының агрономы Мейрам Ермұқанұлы.
Балқаш ауданында 30 мың гектардан астам жер суарылады. Биыл оның 7,2 мың гектарына күріш егілген.
Айта кетсек, суару маусымында «Қапшағай» су қоймасынан аудан шаруаларына 510 млн текше метр су берілді.