Ел атынан дүбірлі додаға 120-ға жуық спортшы қатысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ресми түрде ашып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер өркениетінің дүние жүзі тарихында өшпес із қалдырғанына ерекше тоқталды. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткенін, жаһандық даму жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелгенін, сол замандағы озық технологияның иесі болғанын атап өтті.
Көшпенділер 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар әлем ғылымының дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа үлгі болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңғыл жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды. Көшпенділердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары ортақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода екенін әрі оны «Көшпенділер Олимпиадасы» деуге болатынын ерекше айтты.
Ұлы дала дүбірі еліміз үшін тарихи оқиға. Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толады. Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл бірлік пен татулықтың тойы. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын, деді – Қасым-Жомарт Тоқаев.
ДКО ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр әлемнің 20 мемлекетінен келген 1600 волонтерға алғысын білдірді. Ал Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған Қазақстанның үлкен су тасқынын бастан өткергенін, бірақ бұл табиғи апатты абыроймен жеңіп, дәстүрлі ойындарды ойдағыдай ұйымдастыруға көп күш жұмсағанын атап өтті.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ретінде біз дәстүрлі спорт түрлерін бүкіл әлемге таратуға бағытталған жаңашыл күш-жігердің бір бөлігіміз. Бес құрлықта, 22 елде 32 мүшесі бар бұл спорт түрлері тек сайысты ғана білдірмейді. Олар сонымен қатар, біздің мәдени байлығымыздың, достығымыздың және ынтымақтастығымыздың белгісі. Біз дәстүрлі спорт түрлерінің институттандырылуын ерекше бағалаймыз және тілдеріміздегі, идеяларымыздағы, жұмыстарымыздағы үндестікті қастерлейміз, – деді ол.
«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Айта кетейік, 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Ойындар тұжырымдамасы үш негізгі бағытта айналады: спорт, мәдениет және ғылым, барлығы 21 бәсекеге қабілетті спорт түрін қамтиды. Алдын ала бағалаулар бойынша, Астанаға 100-ден астам елден 3000-ға жуық қатысушы спорттық ареналарда да, мәдени және ғылыми бағдарламаларда да 7 күндік жарыстарға қатысу үшін келеді. 21 ойын түрінен жарыс Астананың үздік спорт алаңдарында өтеді. Олардың ішінде: ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, шығыс жекпе-жегінен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, ұлттық аң аулау түрлері, ат жарысы, халық ойындары. Ойындарда 97 медаль жиынтығы таласқа түседі.
Бүгінгі ашылу салтанатын еліміздің «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Жібек жолы», «Silk Way», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетті. Көшпенділер ойындары тарихында мұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынып отыр.