Астанада шетелдік журналистер марапатталды
Байқауға 30 елден 80-ге жуық журналист қатысты
Елордада Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Іс-шара СІМ-дегі «Қазақстан» залында өтті. Оған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Сенат депутаты, Қазақстанның бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Kazakh Tourism АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов АӨСШК өкілі және шетелдік журналистер қатысты.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко байқауға қатысушылардың саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтты.
Биыл «Қазақстан шетелдік журналистердің көзімен» атты дәстүрлі байқау 9-рет ұйымдастырылып отыр. Бұл байқауды алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырдық. Жыл сайын біз материалдарды оқып, Қазақстан туралы көптеген ақпарат аламыз. Жеңімпаз атанған 8 журналист елімізге жаңа көзқараспен қараған. Байқауға 30 елден 80-ге жуық журналист қатысты. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда өтінімдер саны едәуір өсті. Бұл БАҚ-тың Қазақстанға деген қызығушылық барын және әлем аренасында еліміздің беделі өсіп келе жатқанын көрсетеді, - деді министрдің орынбасары.
Сенатор, жюри мүшесі Бибігүл Жексенбай жеңімпаздарды анықтау қиынға соққанын, барлық материал сапалы болғанын атап өтті.
Баршаңызды ертең Астанада тұсауы кесілетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуымен және «Қазақстан шетелдік журналистердің көзімен» атты дәстүрлі байқаудың мәресіне жетуімен құттықтаймын. Беделді байқау жыл сайын Сыртқы істер министрлігі мен республикалық бас редакторлар клубының бастамасымен ұйымдастырылады. Конкурсқа қатысушылар санымен қатар ұсынылатын материалдардың мазмұны мен көтеретін тақырыбы жыл сайын кеңейіп келе жатыр, - деді депутат.
Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов биыл қауымдастық байқаудың серіктесі болғанын жеткізді.
Мен шетелдік БАҚ өкілдерін марапаттау рәсіміне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Ең әуелі медиа додада жеңімпаз атанған журналистерді шын жүректен құттықтаймын. Сіздер байқауға қатысып қана қоймай, қазақ елі мен көшпенділердің бай мәдениетін әлем назарына паш еттіңіздер. Сондай-ақ ұлттық спортты кеңінен насихаттау үшін арнайы номинация тағайындаған Сыртқы істер министрлігіне және жобаны қолдаған Бас редакторлар клубына да алғыс айтамын, - деді басшы.
Биылғы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпаздары төмендегідей:
- Солтүстік және Оңтүстік Америка аймағынан Бразилия тілшісі Милтон Атаназионың Foco na Politica басылымында жарияланған мақалалар сериясы үздік деп танылды;
- Еуропа елдерінің ішінде Даниэла Брикканың италиялық Rai телеарнасында жариялаған Қазақстан туралы репортажы үздік деп баға берілді;
- «ТМД және Еуразия» номинациясында Елена Косолапованың CBC TV Azerbaijan арнасындағы «Орта дәліз: Әзербайжан мен Қазақстан Ұлы жібек жолын жаңғыртуда» атты репортажына жоғары баға берілді;
- Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша жапон журналисі Катсухиро Асагиридің International Press Syndicate Japan атты басылымдағы мақаласы үздік деп танылды;
- Таяу Шығыс пен Африка елдерінен мысырлық Фатма Мегахедтің Шанхай Ынтымақтастық ұйымы тақырыбындағы мақаласына жоғары баға берілді;
- Kazakh Tourism ұлттық компаниясының номинациясы испаниялық журналист Иоланда Гарсияға бұйырды. Ол Қазақстанның әсем табиғаты мен бай мәдениеті, тағамдары туралы мақалалар жазған.
- АӨСШК номинациясын ресейлік журналист Александр Гасюк алды. Оның «Ресей газеті» басылымында жарияланған мақалалары үздік деп танылды.
- Ұлттық спорт қауымдастығы номинациясында Қырғызстанның «Биринчи радиосының» тілшісі Эрмек Актанов жеңімпаз атанды.
Ол байқауға қандай материал жібергенін айтып берді.
Материалым көк бөруу туралы болды. Қазақта оны көкпар деп атайды. Мен материалымда осы ұлттық ойынның тарихы мен ережесін туралы баяндадым. Себебі, жастарымыз дәстүрі мен қайдан шыққанын ұмытпауы керек, - деді Эрмек Актанов.
Қырғыз журналисі шетелдіктер арасында көкпарға қызығушылық жоғары деген пікірде.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар сайысында қазақ пен қырғыз спортшылары үнемі финалға шығады. Екеуінің арасындағы ойын өте тартысты өтеді. Жанкүйлерге кімнің жеңіске жететіні әрқашан қызық. Соңғы кездері көкпарды АҚШ-тың ковбойлары да ойнап жүр. Жақында олар Астанаға келді. Аттары жоқ. Бірақ көшпенділер ойындарында бағын сынап көрмек. Бұл көкпарға қызушылық барын көрсетеді», - деді журналист.