Биыл жылу және электрмен қамтамасыз етуде мәселе туындауы мүмкін – министр
Инфрақұрылымды айтарлықтай жаңғырту қажеттігі айтылды
Олжас Бектенов Ақмола облысының жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет басшысы Степногорск ЖЭО-ның бүгінгі жағдайымен танысты. 1966 жылы пайдалануға берілген нысан бүгінде қаланың тұрғын үй секторы мен кәсіпорындарын, сондай-ақ Заводской кентін жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Премьер-министрге Ақмола облысының коммуналдық инфрақұрылымының жылыту кезеңіне дайындығы туралы баяндалды. Бүгінде қазандықтар 99%-ға дайын. Мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер тексерілді. Барлық әлеуметтік инфрақұрылым жылыту маусымына толығымен дайын. ЖЭО-да күзгі-қысқы маусымға қажетті отын қорын дайындау кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Биыл Степногорск қаласының жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,7 млрд теңге бөлінді. Ұзындығы 11,3 шақырым учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Степногорск энергетика кешенінің меншік иесі инфрақұрылым мен коммуникация нысандарын жаңғыртуға 7,9 млрд теңге бөлді. 4 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталып, қазандықтарды реконструкциялау жалғасып жатыр. Жоспарланған 2,6 шақырым жылу желілерінің 1,6 шақырымына монтаждау жұмыстары жүргізілді, – делінген Үкімет хабарламасында.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар ЖЭО жабдықтарының тозуын 65,6%-дан 61,9%-ға дейін, магистралды желілердің тозуын қазіргі 80,7%-дан 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Алайда, әлі де бірқатар түйткілді мәселелер бар.
Энергия көздерін жаңартуға қаражат салу мен қолға алынған шаралар тозуды біртіндеп азайтады. Дегенмен, тұтыну көлемінің артуын ескерек, іркіліс болу қаупі әлі де бар. Тұрақты сапалы энергиямен және жылумен қамтамасыз ету үшін баламалы көздер құру қажет. Халық қажеттілігін өтеу және жаңа кәсіпорындарды іске қосуды қамтамасыз ету мақсатында атом энергетикасын дамыту тиімді шешім болмақ, – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған стансалардың тозу деңгейі жоғары – 70%-ға дейін жетеді. Елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға өсіп жатыр.
Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну сағатына 52,4 млрд кВт-ге жетеді деп күтіледі. Бұл ретте, қолданыстағы электр стансалары сағатына тек 135 млрд кВт қамтамасыз ете алады.
Премьер-министр инфрақұрылымды айтарлықтай жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Президент өз Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту бойынша жеке жоба әзірлеуді тапсырғанын білесіздер. Бұл – 2029-2030 жылдарға дейін жалғасатын ауқымды бағдарлама. Мұнда маңызды жұмыс атқарылуға тиіс. Тариф, табиғи монополиялар субъектілерінің қаражаты, бюджет, қарыз қаражаты есебінен шамамен 10 трлн теңге қаржы талап етіледі. Жұмыстар кешенді түрде жүргізілетін болады. Біз елімізде ТКШ жүйесінің қандай күрделі жағдайда тұрғанын түсінеміз. Меншік иелері де, жергілікті билік те, Үкімет те бұл іске аса жауапкершілікпен қарауы қажет. Үкіметтің басты міндеті – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Бізде жалпы ел бойынша электр энергиясын тұтыну шамамен 17 ГВт құрайды, ал біз тек 16 ГВт өндіреміз. Яғни, біз энергия тапшылығы бар елміз, көршілес елдерден электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз. Тозығы жеткен желілерді қалпына келтіріп қана қоймай, тұрақты энергетика жүйесін құруымыз керек, — деді Олжас Бектенов.