Тоқаев Халықаралық еңбек ұйымының бас директорымен кездесті
Қазақстан ұйымның 25 негізгі конвенциясын ратификациялады
Мемлекет басшысы Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жильбер Унгбоға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Халықаралық еңбек ұйымының арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды екенін айтты.
Президент Халықаралық еңбек ұйымының әлеуметтік әділдік қағидаттарын жаһандық ауқымда дамытудағы рөліне тоқталды.
Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл тұжырымдама сіздердің әлеуметтік әділдік бастамаларыңызбен үндес. Халықаралық еңбек ұйымының сенімді әрі әділ, тиімді әлеуметтік келісімді қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбеккерлердің құқығын ілгерілету ісіндегі миссиясы ешқандай талас тудырмайды. Қазақстан ұйымның 25 негізгі конвенциясын ратификациялады. Бұл жұмыс жалғаса береді, – деді президент.
Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігі мен адам құқығын қорғау бағытында Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.