Көшпенділер ойындары: әрбір қатысушыға 1,8 млн теңгеден жұмсалады
Жарыс 5-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әрбір қатысушының жатын орны мен тамағына мемлекеттен 1,8 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Халықаралық жарысқа 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген.
21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдардың жалпы саны – 581 дана. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге. Сыйақыны ойындардың бас серіктесі тарапынан қарастырылды. Жалпы 15 мыңға жуық адам аккредитациядан өтті, - деді Абылай Қондыбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген.
Шығынның негізгі бөлігі қатысушылардың жатын орны мен тамақтануына жұмсалады. 2 430 қатысушы келеді деп айттық. Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан құрамасы Түркиядан өткен 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан. Ол жерде қабылдаушы тарап қатысушылардың шығынын көтерді. Біз әрбір қатысушының жатын орны мен тамақтануына 1,8 млн теңгеден жұмсаймыз, - деді Қондыбаев.