Еуразиялық даму банкі 900 млн долларға инвестициялық жобаларды қаржыландырды

Динара Амантай

Премьер-министр басқарма төрағасымен кездесу өткізді

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесіп, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту және ЕАДБ-ның инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Олжас Бектенов пен Николай Подгузов Еуразиялық даму банкінің Қазақстандағы жоғары инвестициялық белсенділігін атап өтті. Жыл басынан бері ЕАДБ 900 млн доллардан асатын экономиканың түрлі секторларындағы жобаларды қаржыландырды. Сонымен қатар былтыр Қазақстанға 1 млрд доллар салынды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі едәуір артып, 1,4-1,6 млрд долларға жетеді деп күтіледі.

Қазақстанда іске асырылып жатқан ЕАДБ негізгі жобаларының тізбесінде көмір өндірудің циклдік-ағындық технологиясын енгізу, күн электр стансаларын салу, «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту, автожолдарды салу және реконструкциялау жобалары бар.

Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі маңызды серіктестердің және инвестициялардың сенімді көздерінің бірі болып саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу міндеттерін атап өтті. Қазір Үкімет инженерлік, көлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту және салу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Банкпен өзара тиімді шарттармен ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз және ел экономикасы үшін маңызды жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделіміз, – деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде ЕАДБ Төрағасы Николай Подгузов банктің ірі инвестициялық жобаларды іске асырудағы өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ тараптар банктің ағымдағы инвестициялық портфелі, капитал құрылымын әртараптандыру, корпоративтік басқару сапасын арттыру мәселелерін талқылады.

Анықтама үшін, Еуразиялық даму банкі – 2006 жылы құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Банктің жарғылық капиталы – 7 млрд доллар. Ағымдағы инвестициялық портфельдің салалық құрылымы: энергетика – 21,7%, көлік – 18,1%, тау-кен өнеркәсібі – 27,5%, қаржы секторы – 9,2%, инфрақұрылым – 5,8%, машина жасау – 2,8%, агроөнеркәсіп кешені – 3,3%, химия өнеркәсібі – 7,3%, құрылыс – 1,1%% , басқа салалар – 3,2%.