Бос жатқан 2 млн гектар жерді пайдалану жолдары ұсынылады
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай өңірін дамытудың жобасын таныстырды.
Бұл туралы облыс басшысымен кездескен журналист Ербол Мәндібек хабарлады.
Ол әкімге осыдан екі жеті бұрын Торғай облысының ашылуына мүдделі ынталы топтың Жангелді, Амангелді аудандары және Арқалық қаласын экономикалық тұрғыда дамыту мақсатында арнайы Инвестициялық карта әзірлеуді ұсынғанын, облыс басшысы бұл ұсынысты 100% қолдап, құзырлы басқарма басшыларына нақты дереу тапсырма бергенін айтты.
«Бүгін бізге Архимед Мұхамбетов Торғайды дамытудың Инвестициялық картасының жобасын таныстырды», - деді ол.
Оның айтуынша, біріншіден, конкурстық негізде Инвестициялық картаның мобильді қосымшасы әзірленеді.
Екіншіден, инвестициялық картада Торғайдың экономикалық потенциалы қамтылады.
Үшіншіден, бос жатқан 2 млн гектар жерді пайдалану жолдары ұсынылады. Ол жерлер күн электр қуаты және сумен қамтылады. Қысқасы, Торғайға барып ауыл шаруашылығын дамытамын деген инвесторға инфрақұрылым әзірленеді.
Төртіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту. Жангелді, Амангелді және Арқалық қаласында өңдеуші өнеркәсіп субьектілерін дамыту қолға алынады. Бос тұрған ғимараттарға қажетті жөндеу немесе қосымша инфрақұрылым тартылып, бизнес бастаймын деген кәсіпкерлерге ұсынылады. Ет, сүт, тері, қолөнер сынды жобаларға инвестор тартылады.
Бесіншіден, Торғай өңірінде туризм субьектілерін дамытудың тұжырымдамасы әзірленеді. Инвестициялық картада оның жобасы инвесторлар үшін анық көрсетіледі
Сонымен бірге ынталы топтың мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында оның Ақкөл ауылындағы үйі қыркүйек айына дейін салынып бітетінін, ұлт ұстазының Торғайдағы музейіне күрделі жөндеу жасалып жатқанын, тағы бір Алаш арысы Міржақып Дулатұлы екеуіне жаңадан ескерткіштің салынатынын, бұл жұмыстардың барлығы қоғамның қатаң бақылауында болатынын айтты.
«Сондай-ақ, Торғай өңірінің жастарын қолдау мақсатында «Жан жүрегім-Торғайым» атты жастар форумы өтеді. Онда белсенді жастардың стартап жобаларын қолдауға басымдық беріледі. Яғни, жастар форумы той тойлау үшін емес, жастарды нақты қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл істі Қостанай облысының Ішкі саясат және жастар ісі басқармасы жоғары деңгейде өткізуге уәде берді», - деді ол.