Көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау салаларындағы жобалар таныстырылды
Араб үйлестіру тобы Қазақстанға 7 млрд доллар инвестиция салатын болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астанада Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, ОПЕК халықаралық даму қоры, Кувейт экономикалық даму қоры және Абу-Даби даму қоры секілді ұйымдарды біріктіретін Араб үйлестіру тобының отырысы өтті.
Кездесуге Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ислам даму банкі тобының президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер, Араб инвестициялық қорлары мен еліміздің мемлекеттік органдары, квазимемлекеттік компаниялардың басшылары қатысқан.
Кездесуде Араб үйлестіру тобының Қазақстандағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау салаларындағы жобалар таныстырылды.
Кездесу қортындысы бойынша Араб үйлестіру тобының Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді тікелей инвестициялардың сомасы бастапқы кезеңде 7 млрд долларды қамтитыны айтылған. Болашақта қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкі арасында келіссөздерге қол қойылды.