×

Конституция күні: Алматыда жастар мерекені қалай атап өтті

Биыл Ата заңға 29 жыл толды

 Динара Амантай 31.08.2024 | 18:11
Фото: Қазақстан халықтары ассамблеясының баспасөз қызметі

Еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Конституция күні 30 тамызда тойланады. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында құрылған «Ассамблея Жастары» ұйымының мүшелері бірқатар іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұсынылған интерактивті ойындар, деректі фильмдер мен тарихи фотосуреттер Қазақстан Конституциясына қатысты фактілерді негізге ала отырып әзірленді.

Ассамблея мүшесі Рустам Қайыраев қатысушыларға құттықтау сөзін арнап, әрбір қазақстандық үшін Конституцияның рөлі маңызды екенін атап өтті. Содан кейін Қазақстан Республикасы президенті телерадиокешені әзірлеген «Конституция: әділет және демократия» атты деректі фильмі көрсетілді.

«Ассамблея Жастары» ұйымының мүшесі Анастасия Нұғұманова көрсетілімінен кейін Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихымен байланысты қызықты интерактивті ойындар ұйымдастырып, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен аяқтады. Ойын кезінде тапқырлық танытқан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Аталмыш іс-шара жастардың Конституция туралы білімін тереңдетуге, елімізде тұратын кез келген адам мемлекетіміздің басты заңын құрметтеуге және талаптарын сақтауға тиіс деген көзқарасты дамытуға бағытталған. Қазақстанның әрбір азаматы заңдылыққа, әділдікке пен теңдікке және өзінің келешегіне сенімді болуы керек, – делінген Қазақстан халқы ассамблеясының хабарламасында.

Айта кетсек, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі мемлекет басшысының 2021 жылғы қазан айында ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды.

Ассамблея жастарының жұмысына тоғыз мыңдай белсенді жас тартылған. Былтыр әр өңірде респбуликалық бірлестікке мүше жастардың қатысуымен 50 мыңнан астам қатысушыны қамтитын 1 мыңнан аса әртүрлі форматтағы республикалық іс-шара өтті.

Биыл Ата заңға 29 жыл толды. Мемлекеттік құжат 2 рет қабылданды. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілген. Ал, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өтіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Мемлекеттік маңызы бар құжат қазірге дейін қолданылып келеді. Конституция 9 тарау, 98 баптан тұрады.

Ата заңымыз «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған.

Сонымен бірге Конституцияның 1-ші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген.

Ал, 2-бапта Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екені айтылады. Сондай-ақ, елдің астанасы Астана қаласы деп көрсетілген.

Үшінші бапта «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» екендігі айшықталып жазылған.

Ата заңның төртінші бабында көрсетілгендей, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және республиканың барлық аумағында ол тікелей қолданылады.

Конституцияның жетінші бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені, ал мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны жазылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама