Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Шығыс Қазақстан облысында басқа елдерден азаматтарды көшіру үшін тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджет қаражаты ұрланған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратура адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын сақтауға тексеру барысында қаражаттың жалған сатып алу-сату келісімдері және үй сатушылармен сөз байласу арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұрланғанын анықтады.
Кейбір жағдайларда ұрлық мансап орталықтарының лауазымды қызметкерлерінің қатысуымен іске асырылды. Атап айтқанда, 2024 жылдың басында Моңғолиядан қоныс аударған үш отбасы 18 млн теңгеге тұрғын үй сатып алуға келісім-шарт жасаса, оның 9 млн теңгесін қоныс аударушылар келісім-шартқа қол қойғанға дейін төлеген-мыс, ал қалған ақшаны орталық сатушылардың есепшотына аударған. Содан кейін сатушылар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны қоныс аударғандарға қайтарған. Олар жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде көлік сатып алуға жұмсады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тағы бір жағдайда қоныс аударушы 8 млн теңгеге үйді сатып алу-сату шартын жасасқан. Оның 4 млн теңгесі экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы төленген. Сонымен бірге сатып алынған үй қирап, тұруға жарамсыз екені, ақшаны заңсыз алу мақсатында жалған келісім-шарт жасалғаны анықталды.
Осы фактілер бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.