Halyq Uni логотип
×

Жаңа оқу жылында ата-аналарға 22,2 млрд теңге аударылды

Биыл әрбір оқушыға орташа есеппен 45 мың теңге бөлінді

 Динара Амантай 04.09.2024 | 09:32
Жаңа оқу жылында ата-аналарға 22,2 млрд теңге аударылды
Фото: Halyq Uni

Жаңа оқу жылында жалпыға бірдей білім беру қорынан 500 мыңнан астам бала мемлекеттен қолдау алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл жалпыға бірдей білім беру қорынан ата-аналардың есепшоттарына 22,2 млрд теңгеден астам қаражат аударылды. Қолдау атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардағы мектеп оқушыларына көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, өтініш бергендердің 100 пайызы мемлекеттен қаржылай көмек алған.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі көмек көрсету механизмін, оның ішінде ата-аналардың есепшоттарына ақша аударуды жетілдіру бойынша шаралар қабылдаған болатын. Бұл шара ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен оқу құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік берді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Биыл әрбір оқушыға орташа есеппен 45 мың теңге шамасында қаражат бөлінді, – деді балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Сонымен бірге министрлік бастамасымен жыл сайын 30 қыркүйекке дейін жалғасатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Бүгінде акция аясында ондаған мың отбасы демеушілердің көмегіне ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама