Қазақстанда экологиялық акция биыл сәуірде басталды
Елордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арналған 40 метрлік мурал пайда болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана әкімдігінің мәліметінше, мурал Сығанақ көшесі, 1-үйдің қабырғасына салынды.
Суретте ұлттық киімдегі балалар бейнеленген. Көшетті суарып тұрған балалар өсу мен өркендеуді бейнелейді. Көк аспанның фонында шаңырақ пен уықтарды және Астананың көрнекті жерлерімен безендірілген жасыл планетаны көруге болады. Муралда «Таза Қазақстан - Таза болашақ» деген жазу жазылған,- делінген ақпаратта.
Айта кетейік, аталмыш мурал биыл сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының аясында салынды. Бұл бастама аясында елордада түрлі іс-шаралар өткізіліп, оған мыңдаған астаналық қатысты. Тұрғындар қаланы абаттандыруға, ағаш отырғызуға, өзендерді тазартуға және рұқсат етілмеген полигондарды жоюға белсенді қатысып, әлеуметтік бастамаларға қолдау беріп жатыр.