×

Астаналық мұғалім сотта Білім басқармасын жеңіп шықты

Басқарма оған «мұғалім-модератор» санатын беруден негізсіз бас тартқан

 Ербол Тұрымбет 03.09.2024 | 19:42

Астана қаласының Білім басқармасы тарих пәні мұғаліміне «мұғалім-модератор» біліктілік санатын беруден бас тартқан. Бұған келіспеген мұғалім сотқа жүгінген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғары сот таратқан мәліметке қарағанда, педагогтерді аттестаттау 5 жылда кемі бір рет өткізілетіндігі негізге келтіріліп, арыз қанағаттандырылмаған.

Ұсынылған еңбек кітапшасына сәйкес арыз иесінің 5 жылдық мұғалімдік өтілі болмаған.

Бұл шешіммен келіспеген мұғалім Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген.

Істі қарау кезінде сот мына жайтты анықтаған.

Педагогтерді аттестаттау ережелері мен талаптарына сәйкес біліктілік санатын алуға 2 жылдан кем емес педагогикалық өтілі бар тұлғалар өтініш бере алады. 

Талап қоюшының еңбек өтілі зерделеніп, оның 2 жылдан астам мұғалімдік тәжірибесі бар екені расталған.

Сот талап қоюшының біліктілік санатын көтеруден бас тартуға заңды негіздер жоқ деген қорытындыға келді. Аттестаттау комиссиясының хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Ол заңдылықтың негізгі қағидасын бұза отырып шығарылған, өйткені заңда екі жылдық жұмыс өтілі туралы талап тікелей қарастырылған, - деп жазылған сот хабарламасында. 

Соған сай мұғалімнің санатты жоғарылату құқығы қалпына келтірілген. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама