Алматыда сериялы ұрлықшы ұсталды

Ербол Тұрымбет

Ол жеке секторда түнде ұрлық жасап отырған

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласы Медеу аудандық полициясының мәліметінше, 35 жастағы ер адам тек жеке секторда және түнде ғана ұрлық жасаумен айналысқан. Тергеу мәліметінше, әзірге күдіктінің 3 рет бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысы бар екендігі белгілі болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция дерегіне сүйенсек, оның екеуін «Думан» шағын ауданында жасаған. 

Бірінші жағдайда ер адам жеке тұрғын үйдің ауласынан электр велосипедін ұрлап кетсе, екіншісінде көліктің ішінен 1 миллион 200 мың теңгені ұрлап кеткен. Бір қызығы, эпизодтардың көпшілігінде күдікті бөтен адамдардың аулаларына құлыптанбаған қақпаларды ашып кірген, - дейді, Медеу аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әбдінұр Тасыбаев. 

Спикердің айтуынша, күдікті ұсталып, қамауға алынған. Ал велосипедті сатып үлгермеген.

Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің жеке басын басқа да эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада абитуриент университеттен музыкалық аспап ұрлағанын жазған едік.