Halyq Uni логотип
×

Көлік министрлігі жүргізушілердің демалыс режимін сақтауын бір ай бойы бақылайды

Қағиданы сақтамағандарға айыппұл салынады

 Динара Амантай 03.09.2024 | 16:31
Көлік министрлігі жүргізушілердің демалыс режимін сақтауын бір ай бойы бақылайды

Көлік министрлігі 9 қыркүйегінен 9 қазан аралығында автобустар мен жүк көліктері жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауын қадағалауға бағытталған «Тахограф» акциясын өткізеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Акцияның мақсаты – жолаушыларды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды іске асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуын бақылауды күшейту.

Тахографтармен жабдықтауға автобустар, жүк көліктері, оның ішінде:

  • қауіпті жүктерді автомобильмен тасымалдауды;
  • жолаушыларды, багажды және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды;
  • жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық тұрақты тасымалдауды;
  • жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық, ауданаралық тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын көліктер жатады.

Көлікті басқарудың күнделікті ұзақтығы қолданыстағы қағидаға сәйкес 9 сағаттан аспау керек. Төрт жарым сағат бойы үздіксіз басқарғаннан кейін, жүргізуші кемінде 45 минут үзіліс жасауға тиіс, – делінген министрлік хабарламасында.

Қағида талаптары сақталмаған жағдайда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 572-бабымен тасымалдаушыларға 10 АЕК-тен 50 АЕК (36 920-184 600 тг) аралығында, жүргізушілерге 10 АЕК (36 920 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл көзделген..

Серіктес жаңалықтары

Сараптама