Президент МӘМС жүйесіне өзгертулер енгізу қажеттігін айтты
Үкіметке мәселені шешуге дереу кірісу міндеттелді
Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соққан.
Сондай-ақ, ол науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күту жағдайларына жол беруге болмайтынына назар аударды.
Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал, одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде өзіне және депутаттық корпусқа есеп беруді міндеттеді.