Қазақстанда МИКС зерттеуі басталды
Барлық сауал тиісті мемлекеттік органдармен бекітілген
Бүгін Қазақстанда халықаралық мультииндикаторлы кластерлік зерттеу басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, зерттеу бүкіл ел бойынша 24 мың үй шаруашылығын қамтиды. ЮНИСЕФ әзірлеген зерттеу 2006, 2010 және 2015 жылдардан кейін Қазақстанда осымен төртінші рет өткізілгелі отыр.
Бұл сауалнаманың негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын бағалау, олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат жинау. Алынған деректер олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және тиісті шараларды қабылдауға көмектеседі.
2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында интервьюерлер еліміздің қалалары мен ауылдарында сауалнама жүргізеді. Сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін, оның ішінде санитарлық тазалықты, білім беруді және басқа да маңызды көрсеткіштерді қамтиды. Барлық сауал тиісті мемлекеттік органдармен бекітілген.
Біз интервьюерлеріміз жүгінген үй шаруашылықтарын осындай маңызды процеске түсіністік танытуға шақырамыз. Сауалнамаға қатысу Қазақстан халқының тұрмысы мен денсаулығын жақсартуға көмектесетін құнды деректер жинауға мүмкіндік береді, – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Ерлер мен әйелдерге арналған сауалнамалар жұмыс, білім, неке және менталды саулық сияқты тақырыптарды қамтиды. Әйелдер үшін босану және босанғаннан кейінгі күтім туралы сұрақтар беріледі. Бес жасқа дейінгі балалар даму және тәртіп мәселелері бойынша, ал 5-17 жас аралығындағылар балалар еңбегі мен дағдыларды ерте жастан дамыту мәселелері бойынша сұралады.
Сауалнамаға қатысу ерікті түрде жүргізіледі және жиналған ақпарат тек статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылады. Интервьюерлер арнайы киім киіп, барлық байланыс ақпараты бар бейдж тағады.
Сауалнамаға ЮНИСЕФ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және Азия даму банкі қолдау көрсетті. 1996 жылы MICS іске қосылғаннан бері 118 елде 355 сауалнама жүргізілді, ал қазіргі 7-ші раундқа 27 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да қатысып жатыр.