Басқарма оқытушылармен ымыраға келгенін жеткізді
Павлодардағы Әлкей Марғұлан атындағы университет бос орындарға конкурс қорытындысына байланысты бірқатар университет оқытушыларының үндеуіне қатысты жағдайдың оң шешімін тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
ЖОО басшылығы өтініш кадр мамандары, университет заңгері және бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде мұқият және объективті түрде қаралғанын жеткізді.
Бұған дейін біз БАҚ өкілдеріне университеттің осы жағдайдағы әрекетінің заңдылығы мен объективтілігін толық растайтын жан-жақты түсіндірмелер берген болатынбыз. Сонымен бірге, қалыптасқан жағдайды сындарлы шешу мақсатында басқарма ымыраға келген және өзара қолайлы шешімдер қабылдады. Аталмыш жағдай реттелді және шешілді деп қарауларыңызды сұраймыз, – делінген университет хабарламасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш ЖОО-ның оқытушылары университет басшылығы жаппай жұмыстан шығарып жатқанын айтып, үндеу жариялаған болатын. Осыған байланысты ЖОО проректоры Бауыржан Есенгелдин бірде-бір ұстаз жұмыстан шығарылмағанын мәлімдеді.