1 қыркүйек – Білім күні
Бүгін Астанада 15 мектеп ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл жағымды жаңалықты қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парағында жеткізді.
Бүгін алғашқы қоңырау мектеп табалдырығын енді аттаған 28 мың оқушыға арнап соғылды! Мектеп оқушыларының алдында маңызды міндет тұр – баға үшін емес, білім үшін оқу! Тынымсыз еңбекпен ғана үлкен табысқа жетуге болады. Алда сіздерді өмірдің жаңа әрі жауапты кезеңі күтіп тұр! Бүгін Сарыарқа ауданында жаңадан ашылған №106 жайлы мектепке бардым. Ол 2 ауысымда 4 мың оқушы орнына есептелген, – деп жазды ол.
Оның айтуынша, қалада 1 қыркүйек күні 15 жаңа мектеп ашылды. Олардың тоғызы Мемлекет басшысының «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, тағы екеуі – мемлекеттік және төртеуі – жекеменшік мектеп. Аталған оқу орындары екі ауысымда 28 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді. Мәселен, 9 жайлы мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Көктал елді мекені, Ұлытау-Наурыз көшелерінің қиылысы; А.Байтұрсынов көшесі, №9 үй ауданы («Highvill» ТК); Тельман елді мекенінің оңтүстік тұсы (Бағыстан); С-189 және 12-207 көшелері (Земляничная көшесі); Төле би және Е758 көшелері (Сеул және Зеленый квартал ТК ауданы); Орынбор және №37 көшелері («SOHO» ТК ауданы); Мәңгілік Ел даңғылы және Е497 көшесі (мешіт ауданы); Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысы («Поколение» ТК); Төле би-24 көшелері (Барыс Арена).
«Жаңа мектептер 3 ауысымды 5 мектептің және тығыздығы жоғары 4 мектептің қиындықтарын шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 8 мектеп ашамыз.Оның 6-ауы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша. Мектептер қаланың барлық ауданында орналасқан», – деп түйіндеді қала басшысы.