ШҚО шахтасында тағы бір жұмысшы қаза болды
Кеше төрт адам мерт болған еді
KAZ Minerals шахталардағы жазатайым оқиғалар туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
KAZ Minerals тобы Ертіс және Артемьев шахталарындағы қайғылы оқиғалар жайлы ақпарат берді.
2024 жылғы 31 тамызда шамамен сағат 17.30 Ертіс шахтасында Ертіс шахтасының екі қызметкерінің және мердігер ұйымның екі қызметкерінің мәйіттері табылды. Апаттың алдын - ала себебі - газбен улану. Ал 1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тастың құлауы салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі жарақат алып, қайтыс болды, – деп қосты компанияның баспасөз қызметі.
Оқиғалардың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайларды тергеу бойынша арнайы комиссиялар құрылды. KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук жазатайым оқиғаларды тергеуге қатысу үшін өңірге барды.
KAZ Minerals басшылығы мен ұжымы қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады. Компания отбасыларға жан-жақты көмек көрсетеді.
КAZ Minerals Limited – Қазақстандағы заманауи, ірі ауқымды, азшығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Топ операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерде, сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы үш кеніш пен кен байыту фабрикаларында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді. Топ 2019 жылы сатып алынған Баимская мыс жобасының банктік техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді аяқтады. Ресейдегі Баимская лицензиялы алаңының аумағында орналасқан Песчанка кен орнының ресурстары JORC кодексіне сәйкес бағаланып, кендегі мөлшері 0,39% болатын 10,4 млн тонна мысты және үлесі 0,21 г/т болатын 17,5 млн унция алтынды құрайды. 2022 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 380 мың тоннаны құрады. Ілеспе өнім ретінде 47 мың тонна концентраттағы мырыш, 171 мың унция алтын мен 3,8 млн унция күміс өндірілді.
Топтың негізгі өндірістік кәсіпорындары – Ақтоғай мен Бозшакөл – саладағы алдыңғы қатарлы даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырды. Сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын екі есе арттыратын Ақтоғайды кеңейту жобасы 2021 жылдың қазанында іске қосылып, желтоқсанында тұтынушыларға алғашқы өнім жеткізілді.
KAZ Minerals-та Қазақстанда, Қырғызстанда және Ресейде шамамен 14 000 адам жұмыс істейді.