Halyq Uni логотип
×

Робот сот орындаушы қазақстандықтардың 226 млн теңгесін үнемдеді

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді

 Динара Амантай 30.08.2024 | 14:35
Робот сот орындаушы қазақстандықтардың 226 млн теңгесін үнемдеді
Фото: Halyq Uni

Робот сот орындаушы қазақстандықтардың 226 млн теңгесін үнемдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әділет министрлігінің мәліметінше, биыл 20 тамыздан бастап іске қосылған робот сот орындаушы бүгінге дейін 907 млн теңгеге 45 мыңнан астам атқарушылық іс қозғаған. Осының нәтижесінде қазақстандықтар жеке сот орындаушыларының қызметіне берілетін төлемнің 25%-ын төлеуден босатылып, 226 млн теңгесін үнемдеді. Бұл жүйе азаматтарға жыл сайын 5 миллиард теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазір азаматтардың қарыз жүктемесін азайту және Әділет органдарының жұмысын одан әрі цифрландыру мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Кеше Әділет министрі Азамат Есқараев Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевқа және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировке Digital Justice жобалар топтамасын, оның ішінде «робот сот орындаушының» жұмысын таныстырды.

Айта кетсек, бұған дейін жеке тұлғалар хабарлама уақтылы келмегендіктен, айыппұл төлек керектігін білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Оның үстіне қарыз уақытында өтелмеген жағдайда жеке сот орындаушысына айыппұлдың 25 пайызын қосымша төлеуге мәжбүр болған. Енді бұл шығындардан және сот орындаушыларға барудан босатылып, уақыты мен қаржысын біршама үнемдей алады.

Осылайша, 20 АЕК-ке дейін жеңілдетілген іс жүргізуді қозғағаннан кейін азаматтар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар мен EGOV Mobile қосымшасы арқылы іс туралы толық ақпарат бар push-хабарламалар алады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді. Осылайша адами факторлар толығымен жойылып, оның орнына робот жұмыс істейді.

Бұл жоба сот орындаушыларымен байланысу қажеттілігін жойып, барлық әрекеттер онлайн режимінде іске асырылатын болады. Сонымен қатар іс жүргізуді тоқтату және қамауға алуды тоқтату үшін түбіртек пен басқа да растайтын құжаттарды көрсетудің қажеті болмайды. Атқарушылық құжаттың талаптары күнтізбелік 30 күн ішінде орындалмаған жағдайда (оңайлатылған іс жүргізу бойынша) іс жеке сот орындаушысына орындау үшін беріліп, одан кейінгі атқарушылық әрекеттер жалпы тәртіпте жүзеге асырылады. Сондай-ақ, азаматтарға жеке сілтеме бойынша алынған SMS-хабарлама немесе push-хабарлама мәтіні порталында материалды жеке сот орындаушысына беру арқылы оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу процесінен бас тарту функциясы қолжетімді екенін ескертеміз, – делінген министрлік хабарламасында.

Еске сала кетсек, «Робот сот орындаушы» жобасы пилоттық режимде ең алғаш Таразда іске асырылған болатын. Қазір жобаның тиімділігі арқасында бүкіл Қазақстан аумағында қолжетімді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама